Қ.Тоқаев: Ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз

Біз озық ойлы ұлт ретінде тек ғана алға қарауымыз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатта ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге шақырды. Мемлекет басшысы келешекті кемел ету жолында еліміз ғылымға арқа сүйеп, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруы тиіс дегенді алға тартты. Бұл ретте жаңа ғылыми мекемелер құрылып, жоғары оқу орындарды жаңғыртқан абзал. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын ұрпақ тәрбиелеу үшін білім, ғылым мен өндірісті сабақтастырған жөн дейді Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Жанна Құрманғалиева. 2022 жылы аталмыш білім ордасына зерттеу университеті мәртебесі берілді. Нәтижесінде ғылыми жобалар саны мен осы саланы қаржыландыру көлемі үш есе артқан. Қазір оқу орнында 200-ден астам іргелі зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен өткен жылы 30 шақты оқытушы «зерттеуші – ғалым» дәрежесін алған, тағы соншасы шетелдің беделді университеттерінде тағылымдамадан өтті. Қатарға 80 астам жас ғалым қосылды. Олар мұндағы 31 ғылыми құрылымда өз зерттеулерін жасап жүр. Негізінен ядролық физика бағытына басымдық беріледі.

Жанна Құрманғалиева; ЕҰУ ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру проректоры:
- 5 құрлықтың ғалымдары біздің сол зертханада болған. Ядролық физика бойынша Еуразия ұлттық университетінің
ғалымдары әлемдегі 0,1 пайыз өз саласында ең үлкен жетістіктерге ие ғалымдардың санына кіреді. Олардың ғылыми мақалаларын қазіргі таңда бүкіл әлем пайдаланады. Бұл зертханамыз аккредитациядан өткен. Сонымен қатар бізде ЕНУ LAB деген ғылыми өндірістік орталығымыз бар. Оның ішінде  былтыр акредитациядан өткен 5 зертханамыз бар. Олар бүгінгі күнге сай заманауи деңгейдегі әлемнің озық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.