Қасым хан туралы фильм түсіріліп жатыр

Қазақтың қайсар ханы Қасым хан туралы фильм түсіріліп жатыр. Туынды «Ұлы дала таңы» деп аталады. Картинада Қасым ханның өмірі, сол кездегі хандық билік пен қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі  көрсетіледі. Фильмде Қасым ханның ел билеген уақытын Берік Айтжанов, сұлтан кезін Данияр Оразаев сомдайды. Одан басқа негізгі рөлдерді Айдос Әбдіқадыров, Ерік Жолжақсынов, Нұрлан Әлімжанов, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды танымал актерлер ойнайды. Жас актер Данияр Оразаевтың айтуынша, іріктеуден өткен соң бірнеше ай бойы каскадерлік топпен бірге ат үстіндегі қойылымдарға дайындалған.

Данияр Оразаев, актер:

- Тарихи киноның жүгі өте ауыр. Түсірілімнің жүріп жатқанына жалпы 2-3 айдай болыпты. Процесс өте қызық, көріп тұрғандарыңыздай күндіз-түні, таңның атысы, күннің бастысы аттың үстіндеміз. 18-13 жастағы Қасым ханның мінезін өзіме ұқсату өте қиын. Ол кісі әрине мінезді, адуынды, қайратты, қайсар, арқалы азамат, сұлтан, хан болған деп өзім елестетем.

Фильмнің қазіргі түсірілімі Қапшағай қаласының маңында жүріп жатыр. Тарихи фильмнің режиссері Ақан Сатаевтың айтуынша, түсірілім тобы шілде айының басында Алматы облысының Кеген ауылы маңында Қасым хан ауылының көшін түсірмек. Одан кейін Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімдеп жасаған «Түркістан» декорациясында жалғасады.

Ақан Сатаев, режиссер:

- Түсірілімдер ойдағыдай жүріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды. Бүгін түсірілімнің 41-ші күні, біз шешуші әрі қиын сахналардың бірін түсіреміз. Нақтырақ айтсақ, Ұлытау маңындағы ірі шайқасты таспалаймыз. Түсірілімге 300-ге жуық адам қатысады – 56 каскадер, 200-ден астам шабандоз бар. Жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр.

Қасым хан өзінің көреген саясатымен халқының сүйіспеншілігіне бөленгені тарихтан белгілі. Фильмнің тұсаукесері Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай желтоқсан айына жоспарланған.