Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі

СПЕКА елдері арасындағы тауар айналым 20 миллиард долларға жетуі мүмкін. Ол үшін қажетті әлеует те жеткілікті. Қазақстан осы нарықтарға өз өнімінің экспортын 2 миллиард доллардан астам ұлғайтуға дайын. Бұл ретте республика шикізаттық емес тауарлардың 175 түрін бірден жеткізе алады. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев осы әңгіме төңірегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының алғашқы саммитінде айтты. Мемлекет басшысы  қарқынды өзгеріп келе жатқан жаһандық экономикалық жағдайда БҰҰ арнайы бағдарламасының мәні артып келе жатқанын атап өтті. 1997 жылы бағдарламаны құрудың бастамашы ретінде өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта – «жасыл» дәліздер құру және кедергілерді жою елдердің сауда серіктестігіне серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ұмтылыс жасап отыр. Соңғы бес жылда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін екі есе арттырдық. Қазір 80-нен астам елге өнім экспорттаймыз. Біз СПЕКА елдерімен осы бағытта белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз. СПЕКА елдері арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты ынталандыратын құралдарды ойлап табуға айрықша мән берген жөн. Осыған байланысты экономикалық даму мен интеграцияға ықпал ету үшін БҰҰ аясында СПЕКА арнайы қорының негізін қалау аса өзекті деп ойлаймыз. Арнайы бағдарламаның маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Қорға қаржылай үлес қосуға әзір.

Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА аясында елдеріміздің өнеркәсіп кооперациясы саласындағы әлеуеті жоғары деп санайды. Машина жасау саласындағы ынтымақтастық өңір мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтады. Аймақ бүгінде халықаралық көлік-транзит бағыттарын дамыту мен әртараптандыру ісінде өте маңызды рөл атқарады.Қазақстан Президенті барлық мүдделі тараптарды Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды. Бұл ретте  Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдің жағдайын жақсарту бойынша жалпы іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырып, ел үкіметтеріне СПЕКА арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Сонымен қатар мемлекет басшысы СПЕКА-ның алдағы саммиттерінің бірін өзара келісілген уақытта Қазақстанда өткізу мүмкнідігін де жариялады.