Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері 10 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері 10 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға қол қойды. Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде ресми сапармен жүр. Жеке және кеңейтілген құрамдардағы жүздесулерде тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Қол жеткізілген уағдаластықтар ішінде сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы келісім, мен көлік және транзиттік жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум бар. Сондай-ақ, екі елдің саяси, экономикалық және мәдени қатынастарын нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 – Біздің шағын құрамдағы келіссөзіміз өте нәтижелі болды. Менің сапарымның бағдарламасында сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары «Алтын Қыран» орденімен марапаттау рәсімі де қарастырылған. Сіз мемлекеттеріміздің көпжақты, көпқырлы ынтымақтастығын дамытуға зор үлес қосып келесіз. Барша қазақ халқының атынан құрмет белгісі ретінде бүгін сізге «Алтын Қыран» орденін табыс еткім келеді.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

– Біз үшін бауырлас ел Қазақстанның ең жоғары орденімен мені марапаттауды қажет деп санағаныңызды мақтан тұтамын. Мен өз тарапымнан алдағы уақытта да достық және бауырластық қарым-қатынасымызды дамытуға үлес қосу үшін барлығын жасаймын. Біздің халықтарымызды тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстырады. Бүгінгі таңда егемендік жолымен сенімді қадам басып келе жатқан екі тәуелсіз мемлекет - Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық дамудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді.