Қазақстанда ветеринарлық вакциналар шығаратын зауыт құрылады

Қазақстанда ветеринарлық вакциналар шығаратын зауыт құрылады

Қазақстанда Орталық Азия мен Таяу Шығыста баламасы жоқ ветеринарлық вакциналар шығаратын зауыт құрылады. Бірегей өндіріс ошағы Беларусьпен ауыл шаруашылығы мен азық-түлік ынтымақтастығы туралы келісім шеңберінде жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ аталмыш серіктес мемлекет агроөндірістік салада шеберлік алмасуға ниет танытып отыр. Бұл орайда олардан еліміздің аумағында тауарлы сүт фермаларының желісін құру ұсынысы түскен. Беларусь тарапы тәжірибелерімен бөлісумен қатар құрылысты бастан аяқ өз мойындарына алуға әзір. Оған шаруашылықты толықтай жабдықтау, асылтұқымды малмен қамту және мамандарды оқыту кіреді.

Павел Утюпин, Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазір тек ұсыныспен тоқталмай, қазақстандық әріптестермен нақты келіссөздерге көштік. Сұранысқа сай техникалық шешімдерді көрсетіп, Беларусь елінде қолданыста бар осындай құрылыс жұмыстарына қажетті технологиялардың мүмкіндіктерін танытып жатырмыз. Кейін дайын шикізатты өңдеуге қатысты тәжірибемізбен алмасамыз. Бізде өндеу өнеркәсібі де жақсы дамыған.

Айта кетейік, бүгінде тараптар арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы биылдың алғашқы жеті айында ғана 126 млн долларға жуықтаған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 23,5% артық. Екіжақты алыс-берістің жалпы көлемі де осы мерзім аралығында 31% ұлғайған. Қазір Қазақстанда тауар өткізу желісі бағытында Беларусь капиталымен құрылған 40-қа тарта субъект пен 170-тен астам дилерлік ұйым бар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов