Қазақстан – Нидерланды: өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары анықталды

Қазақстан – Нидерланды: өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары анықталды

Ішкі нарықтың әлеуеті, инвестициялық климаттың құрамдас бөліктері және Жаңа Қазақстандағы шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары. Ынтымақтастықтың осы және өзге де бағыттары Қазақстан мен Нидерланды өкілдері кездесуінде талқыланды. Еліміздің Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко Қазақстанның барлық халықаралық міндеттемелерге берік екеніне және шетелдік инвестицияларды тартуға мүдделі екеніне сендірді. Өз кезегінде голландиялық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мен «жасыл экономиканы» дамытуға инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді.

Роман Василенко, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Қазір еліміздегі тұрақтылық пен даму және инвестициялық климат шетелдік инвесторлардың жіті назарында. Шетелдік инвесторлар қауымдастығы бүгінгі таңда Қазақстан үкіметінің жағдайды тұрақтандыру, тұрақты өсуді қамтамасыз ету және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша қадамдарын мұқият бақылап отыр. Сондықтан мұндай диалогтың дер кезінде ұйымдастырылуы өте маңызды.

Айта кетейік, 2021 жылы елдер арасындағы тауар айналымы 4,6 миллиард долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артық. Бүгінгі таңда Нидерланды біздің елдегі ең ірі шетел инвесторларының бірі. Жалпы, 2005 жылдан бері бұл елден Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция 103 миллиард доллардан асты. Қазір елімізде шамамен 700 голландиялық компания жұмыс істейді.

Хенк Нибор, кәсіпкер, ҚР Нидерландыдағы құрметті консулы:

– Екі жақты қарым-қатынастың дамуына үлкен үміт артып отырмыз. Мен санкция бойынша сарапшы болмасам да Қазақстан мен өзге де елдерге Ресейге қатысты қабылданған шектеулердің салқыны тигенін байқаймын. Нидерландыдағы мемлекеттік және саяси қайраткерлерге айтарым егер белгілі бір елге қатысты санкция қабылданса оның кесірі қарулы-қақтығысқа еш қатысы жоқ елдерге тиюі мүмкін. Бұны есте ұстау керек. Бүгін біз біраз қиыншылықтармен бетпе-бет келіп отырмыз. Дегенмен осыған қарамастан бірлесе жұмыс істеп, көп нәррсені өзгерте аламыз.  Мәселелерді шешудің ортақ аспектілерін дамыта аламыз.

Сонымен бірге кездесуде еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко нидерландылық әріптесі Тейс ван дер Пласпен бірге БҰҰ және  Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы аясында, сондай-ақ, өзге халықаралық ұйымдардың өзара серіктестігіне ерекше назар аударды. Тараптар алдағы уақытта парламентаралық диалогты нығайта түсуге уағдаласты.