Қазақстанда арнайы салық режимі енгізілді
Елімізде арнайы салық режимі енгізілді. Оның шарапратын пандемия кезінде карантиндік шектеу шаралары қолданылған қызметтер көре алады. Бүгінде жаңашылдықты кәдеге жарата алатын кәсіпкерлердің тізімі анықталды. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлімдеді.
Дағдарысқа қарсы 2 жылға есептелінген арнайы бөлшек салық режимі жаңа жылдан ерікті түрде қолданылады. Оның салық мөлшерлемесі табыстың 3 проценттік деңгейінде белгіленді.
Сондай-ақ биылдан бастап мүлік және жер салықтары бір төлемге біріктірілді, көппәтерлі үйлердің иелеріне жер салығы салынбайды. Жалпы бизнесті қолдау үшін былтыр 700 мыңнан аса заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге ауқымды салықтық ынталандыру шаралары көрсетілді.
АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
- Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық тәсілдерге сүйеніп, салықтық шараларды түбегейлі жұмсарту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. Ұсынылған өзгерістер 500 мыңдай жалдамалы жұмыскерді ресми жұмыспен қамтуға, еңбекақы төлеу қорының жүктемесін азайтуға, салық міндеттемелерін орындау тәртібін жеңілдетуге және ел экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2025 жылға қарай 6% жетеді
Сондай-ақ үкіметте жаңартылған энергия көздерін дамыту мәселесі қаралды. Қазақстанда 2025 жылға қарай экологиялық таза энергия өндіру көлемінің үлесі 2 есеге артады. Бүгінде бұл көрсеткіш 3 процентке жетті. Жалпы, соңғы 6 жылда баламалы энергия нысандарының қуаты 10 есеге өскен. Бүгінде елімізде 116 жаңартылған қуат нысаны жұмыс істейді. Биыл тағы 23-ін іске қосу жоспарланған.
Осылайша, 2030 жылға қарай саланың үлесін 10% дейін жеткізу межеленген. 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кемінде жартысы жаңартылатын және баламалы қуат көздеріне тиесілі болуға тиіс.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов