Қазақстанда ежелгі аңыздарға негізделген 10 анимациялық фильм түсіріледі

Қазақстанда көне түркі аңыздары желісімен анимациялық фильмдер түсіріле бастады. Әрқайсының уақыты 5 минуттан асатын он анимациялық картинаны көпшілік назарына ұсыну жоспарлануда. Айта кетейік, мультфильмдер байқау қорытындысы бойынша іріктелді. Бүгінгі таңда бірден 26 студия өтінім жіберген. Байқауға түркі тілдес елдердің ұлы тұлғалары, киелі жануарлары, мерекелері мен ұлттық ойын-сауықтары баяндалатын барлығы 40 сценарий келіп түсті.

Серік Әбішев, «Қазақфильм» студиясы президентінің міндетін атқарушы:

- Өндіріске енгізілген пилоттық анимациялық жобалар жанры жағынан да, тақырыбы жағынан да ұқсас емес. Әрқайсысы өзінше ерекше. Бұл жоба түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, қазақ картиналарының жаңа нарықтарға шығуына, аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл болашақта көршілес елдермен бірлескен анимациялық жобалар жасауға жасалған алғашқы қадам.