Қазақстанның павильоны Израильдегі туристік көрмеге келушілердің назарын аудартты

Қазақстанның павильоны Израильдегі туристік көрмеге келушілердің назарын аудартты

Қазақстан Израильде өткен беделді халықаралық Жерорта теңізі туристік көрмесіне қатысты. Бұл – Таяу Шығыстағы ең үлкен жәрмеңкелердің бірі. Мұнда 50-ден астам елдің туристік ұйымдары мен компаниялары өз экспозицияларын ұсынды. Көрме қонақтарының пікірінше, қазақтың әсем киіз үйі өзге мемлекеттердің жоғары технологиялық стильде салынған павильондарынан ерекшеленіп, бірден көзге түскен.

Сатыбалды Бұршақов, Қазақстанның Израильдегі елшісі:

- Ұлттық нақышта павильон жасап, мәдениетімізді жеткізіп көрсетуді жөн көрдік. Киіз үй көпшіліктің назарын аудартты, қонақтарға ұлттық тағамдарымыз ұсынылып, туристік жерлер туралы ақпарат беріледі.

Орли Спагнул, көрме ұйымдастырушысы:

- Мұнда павильонды киіз үй түрінде қою идеясы ұтымды болды. Бірде-бір елге мұндай қызығушылықты байқамадық.

Туризм саласының өкілдеріне арналған осы кәсіби алаңда қатысушылар жаңа бағыттар туралы біліп қана қоймай, жемісті ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алды. Қазақстан Израиль үшін келешегі зор туристік бағыт екенін атап өткен жөн. Бүгінде екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу және визалық режимді жою мәселесі шешілуде.

Орли Спагнул, көрме ұйымдастырушысы:

- Біз Қазақстанды өте перспективалық ел ретінде бағалаймыз. Іскерлік және жеке турист тұрғысынан да мұнда көретін дүние көп.