Президент: Қалаларды жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателіктерге талдау жүргізу керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Екібастұзда және басқа да елді мекендерде қалыптасқан күрделі жағдайды түбегейлі өзгерту үшін нақты шешімдер қабылдауды тапсырды. Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы мемлекет басшысына Премьер-Министр есеп берді. Үкімет басшысының айтуынша, қабылданған шаралар қаланы қиын жағдайдан шығаруға септігін тигізген. Қазір тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі жедел штаб жүктелген жұмысты аяқтауға жақын. Мемлекет басшысы Үкіметке қалаларды қысқы жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателіктерге мұқият талдау жүргізу міндетін жүктеді. Бұдан бөлек, жекешелендірілген энергетикалық активтерге және олардың иелерінің жауапкершілігіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Президент Үкімет пен құқық қорғау органдарының барлық жұмысы өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.