Киік саны 5 млн-нан асуы мүмкін
Биыл елде киік саны 5 млн-нан асуы мүмкін. Бүгін Үкімет қабырғасында
Экология министрінің орынбасары Нұркен Шәрбиев осылай деді. Сондықтан қазір
министрлік ақбөкен популяциясын қолмен реттеу мәселесін қайта қарастырып жатыр.
Былтырғы санақ бойынша елде 4 млн-нан астам киіктің бары анықталған. Мамыр
айынан кейін бұл сан күрт өспек. Өйткені дәл осы уақытта «Құралай салқыны»
түсіп, ақбөкендер төлдеп жатыр. Мамандардың айтуынша, киік санының шамадан тыс
көбеюі, әсіресе, Батыс Қазақстан өңірінде көп болады. Демек, мұндағы шаруаларға
ең бірінші кесірі тимек. Азық іздеген жануарлар егістік алқаптарын таптап
жатады. Былтыр ақбөкендердің популяциясын азайту үшін Үкімет арнайы шара
қабылдап, киіктердің етін сатуға рұқсат берген.

