Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толды
Бүгін күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толды. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой палуан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанды. Көзі тірісінде аңыз адамға айналған батыр бабамыз 54 елде белдесіп, 48 медаль олжалаған. Боз кілемнің үстінде жауырыны жерге тимеген қазақ палуаны орасан зор күшімен дүниежүзін тәнті етті. Бүгінде егеменді елдің білекті жастары баба жетістіктерін қайталауға тырысып бағуда.
Тимур Сыпатаев, Қазақстанның 5 дүркін рекордсмені:
- Былтыр Қажымұқан атамыздың аяғы тиген шет мемлекеттерге, яғни Франция, Германия, Түмен, Қоқанға арнайы барып, өнерімізбен шықтық. Ол жерге Қажымұқан күрескер болып, жай ғана тас көтеру үшін ғана барған жоқ. Ұлттың мүддесі, еліміз бен жеріміз, қазіргі тәуелсіздігіміз үшін, қазақ елі көк байрағын асқақтап желбірету үшін мемлекеттерді аралаған.
Қажымұқан Мұңайтпасов цирк өнерін көрсетіп, жиналған 100 мың сомға Ұлы Жеңіс үшін майданға ұшақ жібергені белгілі. Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ұлттық өнерден де кенде болмаған. Домбыраның құлағында ойнап, халық әндерін шырқауды ұнатқан. Сол кездегі өнер майталмандары, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ұлт зиялыларымен етене араласқан. «Нағыз қазаққа тән пейілі, кең қайырымы мол жан болды», – дейді ел ағалары.
Серік Негімов, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Бала кезімде әке-шешелеріміз, ауылдың қарттары: «Ауылға Қажмұқан келді», – деп айтып отырушы еді. Бір жарым пұттық балға, төсіне үш пұттық төс төсегенде, төс шағылады, балға майысады екен. Сонда Қажымұқанның қуатына қайран қалушы еді. Жанында ылғи өнер адамдары жүреді. Қажымұқан – халықтың даналық қағидаттарын жақсы білген адам. Ол халық қызметкері болған. Тәуелсіз Қазақстанды өркендету үшін Қажмұқан сияқты халық қызметкері болуымыз керек. Қажымұқанның өнегесі, жомарттығы, өнерпаздығы жастарымызға жұғысты болуы керек.
Қажымұқан Мұңайтпасов 1948 жылы Түркістан облысының Ордабасы ауданында дүниеден озды. Биыл сол жерде мерейтойына орай үлкен кешен салынады. Тағылымды өмірі жайында «Қажымұқан» атты көркем фильм түсіру де алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Ал даңқты спортшының құрметіне арналған спорттық шаралар жыл бойына ұйымдастырылып тұрмақ.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов