Туризмді қолдаудың жаңа тетіктері ойластырылды

Туризмді қолдаудың жаңа тетіктері ойластырылды

Биылдан бастап қазақстандық балалар ел аумағын саяхаттау үшін тегін ұша алады. Көрікті жерлерді аралап, үздік 10 туристік аймақтарға әуе байланысы арқылы тегін қатынау үшін отандық туроператорлардан жолдама сатып алу қажет. Яғни кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар ішкі демалыстың үштен біріне дейін үнемдей алады. Негізгі операторы ретінде «Kazakh Tourism» компаниясы бекітілген «Kids go free» бірегей бағдарламасының іске қосылуы және мүмкіндіктері жайында оның өкілі Ернұр Кенжебеков айтып берді.

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілі:

- Бұл – біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде алғаш рет қолға алынып отырған жоба. Жекелеген компаниялар болмаса, үкімет деңгейінде мұндай бағдарламаны әлі ешкім іске қосқан жоқ. «Kids go free» бағдарламасы қазақстандық отбасыларды ел ішінде демалуға ынталандырады. Яғни жанұя бюджетін 30% дейін үнемдеуге, сондай-ақ отандық туроператорлар үшін қарапайым отбасыларға қолжетімді пакеттік турларды көбірек сатуға мүмкіндік береді. Оның аясында 2 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін билеттің толық құны жыл бойы кез келген уақытта өтеледі.

Сала маманы 1 қаңтардан бастап күшіне енген туристік бағытты мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары туралы құлағдар етті.

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілі:

- Туристік нысандарды жаңадан салу немесе қолданыстағыны жаңғыртуға кеткен шығынның 10% өтеледі. Сондай-ақ қонақүйлер, кемпингтер, техникалық қадағалау, жанармай бекеттері, тамақтану орындары мен сауда нүктелерін тұрғызу сынды жол бойындағы қызмет түрлеріне жұмсалған қаржының да дәл сондай мөлшері толтырылатын болады. Туристік автобустар, тау шаңғысы базаларына арналған техниканы сатып алу құнының 25% мемлекет өз мойнына алады.

Сондай-ақ ішкі туризмді дамыту мақсатында Қазақстанға келген әрбір шетелдік саяхатшы үшін субсидиялар қарастырылған. Туроператорлар әр шетелдік қонаққа шамамен 15 мың теңге алады. Осылайша мемлекет ұсынып отырған жаңа қолдау шарасы қонақтардың елімізде кемінде 5 күн болуын көздейтін пакеттік сатылымдардың үлесін белсенді түрде арттыруға серпін бермек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов