Қ.Тоқаев мектеп бағдарламасына шахмат пәнін енгізу ұсынысын қолдады

Қазақстан Президенті шахматты мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысты қолдайды. Бұл туралы мемлекет басшысы әлем чемпиондары мен халықаралық гроссмейстерлермен кездесуінде  айтты, деп хабарлады Ақорда. Мемлекет басшысының резиденциясына Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева және Шахмат федерациясының басшылығы шақырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен шахматтың өте танымал ойынға айналғанын қалаймын. Кейбіреулер шахматты спорт емес дейді, бірақ мен оны спорттың ерекше түрі деп санаймын. Себебі, бұл ойында  шахматшылардың әрқайсысының интеллектуалдық ойлау қабілеті айрықша көрінеді.  

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде спорттың осы түрін дамыту және қажетті инфрақұрылымдық жағдай жасау бойынша бірқатар ұсыныстарды тыңдады.

Жансая Әбдімәлік, қазақстандық шахматшы:

– Бізде қазір елімізде жүйелі мемлекеттік қолдау жоқ. Менің ойымша, бізге шахмат пен ақпараттық технологияларға бағытталған мектеп-интернат керек. Мен бұл мәселені қала әкіміне де айтқан едім. Алматыда республиканың түкпір-түкпірінен балалар оқитын осындай база салып жатырмыз. Біз ең дарынды балаларды таңдаймыз. Мектеп базасында 1500 бала оқитын болады. Оның ішінде 300 бала мамандандырылған мектеп-интернатта жаттығады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістанда өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында сәтті өнер көрсететініне сенім білдірді. Сонымен қатар шахмат саласын дамытуға бұдан былай да қолдау көрсететінін атап өтіп, жас спортшыларға халықаралық аренада табыс тіледі.