Мәжіліс өнеркәсіптік саясатқа қатысты құжатты мақұлдады

Мәжіліс өнеркәсіптік саясатқа қатысты құжатты мақұлдады

Қазақстандық іскерлер өнеркәсіптік грантқа үміттене алады. Индустриялық жобаларды қолдаудың жаңа құралы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында қарастырылған. Құжат Мәжілістің жалпы отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім еткендей, өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыруға мониторинг Бірыңғай индустрияландыру картасы арқылы жүзеге асырылмақ. «Бұл жобалардың іске асу барысын орталықтан қадағалауға және туындаған мәселелерді уақытылы шешуге мүмкіндік береді», – деді сала басшысы. Бейбіт Атамқұлов өнеркәсіптік саясат аясында бизнес үшін ынталандырудың 20-ға жуық іс-шарасы қолжетімді болатынын жеткізді.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Кәсіпорындардың сұрауы бойынша ынталандырудың жаңа әдісі өнеркәсіптік грант әзірленді. Өнеркәсіптік грант бірлесіп қаржыландыру жолымен өндірісті жаңғыртуға берілетін болады. Жаңа шара кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыруды қамтамасыз етеді және шығарылатын өнім сапасын арттырады. Заң жобасында өнеркәсіпті дамыту қорының жұмыс істеу мәселелері реттелген. Қор жабдықтарды сатып алуға лизингтік қаржыландыру, 3% аспайтын мөлшерлемемен өнеркәсіптік инновациялық жобаларға жеңіл несие беру сияқты ынталандыру шараларының операторы болады.

Авторы: Ақзер Сегізбай