60 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы аннуитеті келісімін жасаған
Бүгінде 61 мыңға тарта қазақстандық өздерін зейнеттегі өмірлік төлемдермен қамтамасыз етті. Олар өмірді сақтандыру компаниясымен жалпы сомасы 283 млрд теңгеге зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған. Бұл туралы арнайы брифинг барысында еліміздің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Сағи Әжібек мәлім етті.
Ол зейнетақы аннуитеті келісіміне осы жылдың бірінші қантарынан бастап тұруға болатынын ескертті. Бұл сақтандыру өнімі бойынша азаматтар 45 жастан бастап шарт жасаса алады. Олар өз жинақтарын өмірді сақтандыру компанияларының есебіне аударады.
Биыл шартта ерлі-зайыптылардың қатысуына мүмкіндік беретін бірлескен аннуитеттер енгізу жоспарлануда. Егер бір адамда аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал оның жұбайында артығымен болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер қамтамасыз етіледі.
САҒИ ӘЖІБЕК, САҚТАНДЫРУ НАРЫҒЫ ЖӘНЕ АКТУАРЛЫҚ ЕСЕП АЙЫРЫСУЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ САҚТАНДЫРУ НАРЫҒЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Қазіргі уақытта өмірді сақтандыру бойынша нарықта тоғыз компания бар, олардың бесеуінің қызметі лицензия негізінде жүргізіледі және мемлекет бақылауында болады. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры есебінен зейнетақы аннуитеті төлемдеріне кепілдік беріледі. Бұл өмірді сақтандыру компаниясы банкрот болған жағдайда зейнетақы аннуитеті бойынша үзіліссіз төлемдерді және сақтанушылар алдындағы міндеттемелерді үздіксіз орындауды қамтамасыз етеді.
Жаңа ережелерге сәйкес ер адамдар үшін зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін жеткілікті сома 6 млн 700 мың, ал әйелдер үшін 9 млн теңгеге болуы тиіс. Бүгінгі таңда елімізде бұндай келісім рәсімдеуге жинақ қаржысы жеткілікті адамдардың саны 70 мыңға жуықтайды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов