Қазақстанда мұнай бағасына мемлекеттік реттеу енгізу ұсынылды

Қазақстанда мұнай бағасына мемлекеттік реттеу енгізу ұсынылды

Қазақстандағы мұнай бағасы мен оны ішкі нарыққа жеткізілу көлемін мемлекет реттеуі тиіс. Мұндай бақылау жанармай бағасының тұрақтылығын және ішкі нарықтағы бағаның ашық белгіленуін қамтамасыз етеді. Бұл туралы елордада өткен брифинг барысында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, екі негізгі отандық мұнай өндіруші компания бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуі тиіс. Ал «қара алтынды» жеткізуші делдалдарды мүлдем алып тастау керек. Бұл ретте спикер делдалдықты заңнамалық тұрғыда бекіту керектігін атап өтті. Сонымен қатар монополияға қарсы агенттік тәуелсіз компаниялардың мұнайды тек биржада сатуын ұсынады. Бірінші кезеңде мұнай өнімдерінің биржалық саудасын 5-10% көлемінде, кейін 30% дейін арттыру.

Рустам Ахметов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл шағын интеграцияланған компаниялар мен тәуелсіз жеткізушілерді дамыту үшін қажет. Біздің ойымызша, еліміздегі екі негізгі компания нарықтағы бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуі керек. Егер басқа делдалды, алыс-беріс мұнай жеткізушісін қалдырсақ, онда оған тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуын шектеу керек болады. Осылайша біз мұнай өндіру, мұнай өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізу инфрақұрылымы жоқ тұлғаларды нарықтан алып тастаймыз.

Авторы: Ақзер Сегізбай