Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін бақылау талаптары күшейтіледі

Қазақстанның  авиациялық әкімшілігі ұшу қауіпсіздігін бақылау талаптарын күшейтеді. Қазір елімізде жазда өтетін ИКАО тексерістеріне дайындық жүріп жатыр. Бұл негізгі талаптарға сәйкестікті анықтау шарасы – дәл осы халықаралық ұйымның 2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың басына жоспарланған кешенді аудиттің бір бөлігі. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан ИКАО халықаралық талаптарына сәйкестік көрсеткішін 80% жеткізуге ниетті.

Айгерім Әкімжанова, тілші:

- Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің негізгі міндеті – ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік саласын техникалық бақылау мен қадағалау. Бұндай басқару моделі 100% мемлекеттің қатысуымен ТМД елдерінің ішінде алғаш рет Қазақстанда құрылды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жыл сайын әуе компанияларын және аэродромдарды сертификаттап, аэронавигациялық аудит жүргізеді. Арнайы қызметтер мен  инспекциялық тексерістер жасайды. Осы орайдағы маңызды деген жұмыстардың бірі – ұшу алаңдарының жарамдығын тексеру.                

Ұшу қону алаңына барамыз. Ондағы мақсат - аэродромның жағдайын тексеру. Ұшу-қону алаңын толықтай қарап шығамыз. Онда бір кедергілердің болмауын бақылаймыз. Кейін таңбалау талаптарының сәйкестігін қараймыз. 

Аэродромды инспекциялық тексеру барысында алдымен оның жағдайына баса мән беріледі. Алаңының үстіңгі қабатын таңбалауға, оның құрылымына, кедергілердің болмауына назар аударылады. Биыл дәл осындай 20 тексеріс жүргізілді.                   

Бахтияр Сейдахметов, Аэродром және жерден қызмет көрсету департаментінің авиациялық инспекторы:

- Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда сертификатталған 25-ке тарта әуежай бар. Олардың 18-і халықаралық болса, 7-і ішкі рейстерге арналған. Сондай-ақ 6 сертификатталған түкұшақ алаңы жұмыс істейді. 2020 жылы біз 900-ден астам ескерту жасадық. Олардың бәрі дер кезінде қалпына келтіріліп жатыр. Бұндай олқылықтар санын әлдеқайда азайту үшін біздің департаментпен аэродром және ұшу қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар әзірленіп жатыр.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің құрылғанына екі жыл болды. Осы уақыттың ішінде мамандар қыруар іс тындырды. Осының нәтижесінде елімізде ұшу қауіпсіздігін сертификаттау бағытындағы жұмыстардың сапасы артта түсті.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов