Қазақстанда жаңа өндірістік жобалар 3 жылға салықтан босатылады

Қазақстанда жаңа өндірістік жобалар 3 жылға салықтан босатылады

Қазақстанда инвестициялық шарттардың жаңа тетіктері енгізілді. Бұл жөнінде ел Премьер-Министрінің баспасөз қызметі мәлімдеді.  Бұл ретте резидент емес инвесторлардан алынған қызметтер үшін шегерім сомасын шектеуге қатысты мәселе шешімін тапты. Енді бұл шектеу тек оффшорлық компаниялармен ғана жүргізілген операцияларға қатысты болады. Сонымен қатар, инвестициялық міндеттемелер туралы келісімде салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жыл кепілдік беріледі. Ал күрделі жобаларға қатысты жетілдірілген келісімшарт жасасқанда фискалдық ынталандыру тетіктері енгізілмек. Бұған қоса еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа Салық кодексі әзірленді.

Нәтижесінде салық режимін қолдану бойынша қызмет түрлері екі есе кеңейіп, 1 млн астам салық төлеуші қамтылады. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салықтан босатылады.

Динара Әлімова, ҚР Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы:
- Ол қазір бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдар өкілдерімен әртүрлі алаңдарда қызу талқыланып жатыр. Қолданыстағы ынталандыруларды сақтай отырып, жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағытталған сервистік әкімшілендіру моделі енгізіледі. Салық есептілігі 30%, ал салық төлемдерінің саны 20% қысқарады.