Қазақстандағы балаларға арналған алғашқы теміржол
Бұл кадр еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанды ел-жұрт Ақмола деп білетін кезде түсірілген. 1953 жыл. Суретте жөні бөлек трасса көрінеді. Олай дейтініміз, бұл – Қазақстандағы балаларға арналған алғашқы теміржол. Оны Ақмолада өткен ғасырдың 30-жылдары салмақшы болып жоспарлаған еді. Бірақ оған соғыс мұрша бермеді. Соғыстан кейін Қазақстанның темір жолдары кәсіби мамандарға қатты зәру болды. Сөйтіп, құрамына Ақмола торабы да кіретін Қарағанды теміржолының басшылығы, жас қазақстандықтарды теміржолшы мамандығына тартпақшы болып шешті. 1946 жылы Есілдің сол жағалауындағы саябақта тар табанды теміржол төселіп, 9 маусымда іске қосылды. Оған Кеңес Одағының Батыры, офицер Михаил Яглинскийдің есімі берілді.