Қазақстандық екі фильм Лондон кинофестивалінде марапаттарға ие болды

Қазақстандық қос картина Лондонда өткен үшінші халықаралық Еуразиялық кинофестивальде жеңімпаз атанды. Мақсұт және Мансұр Сәрсембаевтар «Бұзылған болашақ» («Взломанное будущее», «Hacked future») қысқаметражды фильмі үшін «Ең үздік киносценарий» аталымында үздік атанса, Ділшат Рахматуллиннің «Cұр қаз «Аққулар» (Серый гусь «Лебеди», A gray goose «Dispair») анимациалық фильмі 60 қатысушының арасынан топ жарып, «Ең үздік анимациялық фильм» номинациясын иеленді.

Марат Ахмеджанов, Еуразиялық кинофестивалінің президенті:

- «Киносценарий» аталымы бойынша қазақстандықтар шынымен де пісіп жетілгенін көрсетіп отыр. Фестивальдің арқасында продюсерлер мен режиссерлер осыған назар аударып, халықаралық кинематограф үшін біріккен көркем дүние жасайды деп үміттенеміз. Мен үшін керемет анимациялық жұмыс та ерекше тосын сый болды.

Еуразиялық кинофестиваль 2019 жылдан бері лондондық «Romford» кинофестивалімен бірге ұйымдастырылып келеді. Бұл – Орталық Азия және посткеңестік елдер авторларының еңбектерін көпшілік назарына ұсынатын жалғыз британиялық шара. Биылғы жылдың басты ерекшелігі – қатысушы елдердің қатары мен аталымдар санының көбеюінде. Көркем, қысқаметражды және деректі фильмдерден басқа «Үздік сценарий», «Анимациялық фильм», «Музыкалық видео» және «Үздік мобильді фильм» аталымдары пайда болды. Қазақстандық режиссер Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» атты автобиографиялық драмасы да көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Майкл Дэниел Сагатис, қазылар алқасының мүшесі:

- Сәлеметсіз бе? Мен Қазақстанды жақсы көремін. Мен Қазақстанды өте қатты жақсы көремін. Қазақстанда өмір сүрдім, саяхаттадым, жұмыс істедім. Еуразияның бірнеше мемлекетінен фильмдер қатысып жатыр. Бірақ Қазақстаннан келген көркем дүниелерге деген сүйіспеншілігім өте ерекше болды. «Ең үздік көркем фильм» аталымы бойынша ұсынылған «Балуан Шолақ» фильмі сол кезеңдегі қазақ жанының ерекшелігін жеткізе білген үздік тарихи туынды деп айтар едім.

Карантиндік шектеулерге байланысты жеңімпаздардың көпшілігі марапаттау рәсіміне қатысып, жүлделерін ала алмады, бірақ онлайн тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шара аясында балалар суреттерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Араларында онкологиялық аурумен ауыратын 5 қазақстандық баланың еңбегі британиялық жұртшылық назарына ұсынылды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы