Қазақстандық каскадерлер Джеки Чанның жаңа фильмінің түсірілім алаңында болды

Қазақстандық каскадерлер әлемге әйгілі Джеки Чанның фильмдеріне қатысуы мүмкін. Отандық «Nomad Stunts» халықаралық кәсіби трюктерді орындаушылар тобы аты аңыз адамға айналған тұлғамен кездесті. Қазір оның аспан асты елінде жаңа фильмі түсіріліп жатыр.  

Жайдарбек Күнғожинов, «NOMAD STUNTS» халықаралық кәсіби каскадерлер тобының жетекшісі:

 

-  Мен онымен кездесуді көптен бері жоспарлаған едім. Джеки Чанның командасындағы жігіттермен көп жұмыс істедім. Алайда өзімен жүздесудің сәті түспеген еді. Бұл жолы көптен күткен кездесу болды. Біз ортақ тақырыпта қызықты әңгіме құрып, бірқатар мәселенің басын қайырдық. Желтоқсан айында тағы кездесеміз деп келістік. Сол уақытта әріптестік аясын кеңірек талқылайтын боламыз. Ол өзінің көмекшісіне бізден түйіндеме, шоу-риллдар сынды ақпарат алуын тапсырды. Қыстың алғашқы айныда қолы босайтынын айтты. Сол кездесуден үмітіміз мол. Бірлескен жобалар жасауымыз мүмкін.

 

Отандық каскадерлер қатысқан соңғы ауқымды жобалардың бірі – Ридли Скотттың «Наполеон» тарихи картинасының түсірілімі. Бұл кинотуынды жақын арада әлемдік прокатқа шығады. Бүгінде қазақстандық сала майталмандары басқа да танымал халықаралық жобаларға қатысуда. Жұмыс ауқымы бірнеше айға бұрын жоспарланған.

 

Жайдарбек Күнғожинов, «NOMAD STUNTS» халықаралық кәсіби каскадерлер тобының жетекшісі:

 

- Жақында 7-8 адам Болливудқа аттанады. Мен тағы 5 команда мүшесін ертіп Еуропаға жол тартамын. Еуропадағы жобаны тындырған соң Үндістандағы әріптестеріме қосыламын. Түркиямен бірге жасайтын екі жоба бар. Қазір өзбекстандық киноөндіріспен тағы бір жобаны бастап қойдық. Ол елде заманауи экшн түсіреміз. Қазір жігіттер оған сайланып жатыр. Мұндай жобалар көп. Дәл қазіргі уақытта айта алмайтын бірнеше жаңалығымыз бар. Келіссөздер ойдағыдай өтсе, нақты ақпарат белгілі болған кезде олардың нәтижесімен міндетті түрде бөлісетін боламыз.

Қазақстандық каскадерлер тобы өз саласы бойынша әлемдік деңгейде үздік деп танылғанын айта кеткен жөн.  «Nomad Stunts» мүшелері «Мулан», «Патшаға хат», «47 Ронин», «Неудержимые 2», «Анаға апарар жол», «Шал» және тағы басқа танымал фильмдердің түсіріліме қатысты. «Томирис» фильмі үшін «Таурус» жүлдесін алды. Бұл марапат каскадерлік «Оскар» деп аталып кеткен.