Оралдық оқушылар биоқағаз ойлап тапты

Оралдық оқушылардан ноу-хау! Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері экологиялық таза, биомайлықтар мен кеңсе қағазын өндірудің тың жолын ұсынды. Бұл бастамасы үшін олар Түркиядағы халықаралық байқауда үздік үштікке ілігіп, жоғары баға алып та үлгерді. Зерттеу барысында Адия мен Асима түрлі химикаттарды қолданып, қағаздың алғашқы үлгілерін жасап шығарды.

Жас ғалымдар қазір иннновациялық жобаны одан әрі жетілдірумен айналысуда. «Жылқы көңінен жасалатын мұндай қағазды өнеркәсіптік көлемде өндіруге мүмкіндік бар», – дейді олар. Бұл сиреп бара жатқан орман-тоғайларды сақтауға және өңдеу өндірісін дамытуға жол ашады.

Адия Ағеділова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Адамдар оны, тікелей айтсақ, тек қана лақтырып тастайтынын көрдік. Теледидардан көргеніміздей, қазір ормандар сиреп бара жатыр. Сондықтан мен мұғаліміме жылқы қиынан не істесек екен деген идеяны бердім. Сосын қағаз жасасақ деп ойладық.

Әсел Сахиева, жобаның ғылыми жетекшісі:

- Бұл әдісті, әрине, автоматтандыру қажеттігі туындап отыр. Осы мектепі зертханасындағы реактивтерді қолдандық. Енді қағаздың жұқалығы, түсі бойынша зерттеуіміз қажет. Ауыл шаруашылығының қалдықтары өте көп. Егер осындай қалдықтардан пайдалы және тиімді заттарды алатын болсақ, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймыз.