Қазақстандық турбизнес өкілдеріне 15 млрд теңгеге жуық субсидия беріледі
Қазақстанда туризмді қолдауға қанша қаражат бөлінді? Елімізге саяхатшыларды қалай тартуға болады? Туристік бизнес өкілдері қандай қолдау шараларына үміттене алады? Бұл сауалдарға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері кәсіпкерлермен өткен кездесуде жауап берді. Атап өтерлігі, үстіміздегі жылдың басында туризмге қолдау бағытында бірқатар шара енгізілді.
Айдос Сәкенов, ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
- Шаралар ел азаматтарын өзімізде демалуға ынталандыруға, сыртқы туризмді дамытуға бағытталған. Оған санитарлық-гигиеналық тораптар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, автокөлік құралдары жатады.
Аталған жаңашылдықтар жыл басында енгізілгеніне қарамастан, кәсіпкерлер тиімді мүмкіндіктерді пайдалануға асығар емес. Мысалы, санитарлық-гигиеналық тораптардың құрылысы және олардың жұмысын қамтамасыз ету, туристерді тасымалдау үшін алынатын автобустарды сатып алу шығындарын субсидиялау қарастырылған. Сонымен қатар шағын хостелден бастап ірі қонақүйге дейін туристік объектілердің құрылысына жұмсалған қаражаттың бір бөлігін қайтарады. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда балалардың ел ішінде ұшақпен тегін ұшуы бойынша «Kids Go Free» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Ерлан Бекмырзаев, Нұр-Сұлтан қ. әкімінің орынбасары:
- Өткен жылы және биыл пандемияға байланысты салада төмендеу байқалды. Туризммен айналысатын кәсіпкерлер көп шығынға ұшырады. Сол себепті мемлекет қолдау шараларын қабылдады. Биыл туризм комитетімен, «Қазақ туризммен» бірлесіп қолдауды арттыруды қарастырып отырмыз.
Қазақстанға сырттан саяхатшыларды көптеп тарту үшін және жалпы отандық туристік саланы қолдауға мемлекет 15 млрд теңге қаржы бөледі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов