Қазақстандық велосаяхатшы 800 км жолды жүріп өтті

Қазақстандық велосаяхатшы 800 км жолды жүріп өтті

Сеулден Пусанға дейінгі велошеру. 35 жастағы қазақстандық Дамир Көшеев ерекше саяхат жасады. Ол 800 шақырым жолды велосипедпен бағындырды.

Дамир Кушеев, саяхатшы:

- Неліктен Корея? Себебі Қазақстан мен Корея 2022 жылы 28 қаңтарда дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтті. Екіншіден, корей елі ұлы Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатты. Үшіншіден, Корея – Пусаннан Сеулге дейінгі ұзындығы 800 шақырым болатын веложолы бар жалғыз ел.

Велошеру кезінде отандық саяхатшы оңтүстіккореялықтарға қазақстандық шоколадтарды тарту етіп, «таң самалы елінің» аумағында көк туымызды желбіретті.

Айта кетейік, жақында Пусанда Қазақстан консулдығы ашылады.

Ли Сан Хун, кәсіпкер:

- Қазақстанның мүмкіндігі шексіз, әлеуеті жоғары ел екенін білемін. Корей кәсіпкерлеріне бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Өзіме келсем, мен логистикамен айналысамын. Қазақстанның бай ресурстарын Кореяның жоғары технологияларымен үндестіру үшін жақсы мүмкіндіктерді көріп отырмын.

Дамир бұл қашықтықты еңсеру оңай болмағанын айтады. Жол бойында жабайы аңдар кезігіп, азығы таусылған, тіпті ашық аспан астында түнеуге мәжбүр болған. Алайда ірі елді мекендер мен қала тұрғындары оған барынша қонақжайлылық танытқан. Тэджонда саяхатшы үшін құрметті қарауыл қойылды. Ол шаһардағы былтыр тамыз айында сүйегінің күлі Қызылордадан отанына қайтарылған кәріс батыры Хон Бом Доның қабіріне барып, рухына тағзым еткен.

Пак Чон Дэ, мемориалдық кешеннің қызметкері:

- Біз Хон Бом Доның сүйегінің күлі елге жеткеніне ризашылық білдіреміз. Ол Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен батыр және елдің жарқын болуына үлес қосқан адам. Сондықтан көптеген азамат оны еске алу үшін осында келеді.

Кан Чон Ван, Тэджон мэриясының бөлім бастығы:

- Біз Қызылорда қаласы әкімшілігімен бауырластық қарым-қатынас орнатуға ниеттіміз. 1 наурызда қазақстандық делегацияның сапары жоспарланған. Қазіргі таңда ынтымақтастық туралы келісімшарт жасауға дайындық үстіндеміз.

Велошабандоз Кореядағы қазақ тілін оқытатын жалғыз ЖОО Хангук университетіне де аялдады. Студенттер қазақстандық мейманның құрметіне ұлы ақын Абайдың әнін орындап берді. Велошеру Сеулде Абай Құнанбаев ескерткішінің жанында өз мәресіне жетті. Бірақ Дамир Көшеевтің шетелдік сапарлары мұнымен аяқталған жоқ.