Қазақстандықтар 19 наурыз күні сайлау учаскелерінде цифрлық жеке куәлік көрсете алады

Құжаттың электронды нұсқасы eGov Mobile қосымшаларында және екінші деңгейлі банктерде қолжетімді. Сонымен қатар сайлаушы төлқұжат, әскери билет немесе теңізші билетін де көрсете алады. Дегенмен, жүргізуші куәлігімен дауыс бере алмайды.

Айта кету керек, цифрлық құжаттарды пайдалану Қазақстандағы сайлау процесіне технологияларды енгізудің тағы бір мысалы болып табылады.

Бектембай Қосынов, Ұлттық ақпараттық технологиялар департаментінің директоры:

-19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттарын сайлауда қазақстандықтар дауыс беру учаскелерінде цифрлық құжаттарды көрсете алады. Өздеріңіз білетіндей, цифрлық құжаттар өздерінің түпнұсқаларының баламасы саналады және заңды түрде Цифрлық құжаттар қағаз құжаттармен теңестірілді. Сонымен қатар цифрлық құжаттарды кез келген жерде сұраныс орнында ұсынуға болады.

Айта кетейік, бүгінде eGov Mobile жүйесінде 678 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Ай сайын 2,4 миллионға жуық қазақстандық платформаны белсенді пайдаланады.