Қазақстанның 2030 жылға дейінгі қаржы нарығын дамыту тұжырымдамасы
Қазақстанның қаржы нарығының әлеуеті артады. Елімізде осы басымдықты қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейін саланы дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мәлім етті.
Оның айтуынша, ол үшін алдағы 10 жылда қаржы механизмі негізінде экономиканы банктік кредиттеуді айтарлықтай кеңейту бойынша шаралар қабылданады. Осыған орай саланың жалпы құрылымы өзгертіледі. Мамандар шикізаттық емес сектордың бәсекеге қабілетілігін арттыруға басымдық беретін болады. Отырыста Үкімет қаулысының жобасы мақұлданды. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі тиісті келісімге тұрды. Келісім макроэкономикалық саясаттың тиімділігі мен сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
- Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру – елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының басымдығы. Ол үшін ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясат, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясаты үйлестіріледі. Экономиканың сапалы және орнықты дамуы үшін түбегейлі жаңа институционалдық жағдай жасалынады. Жаңа экономикалық жағдайда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауатының артуына ықпал етеді.