Қазақстанның кәріздік желілерін жаңғыртуға халықаралық қаржы ұйымдары тартылады

Еліміздегі 26 ірі қаланың әбден тозығы жеткен кәріздік-тазарту ғимараттарының құрылысына 400 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Бұл жөнінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, жобаларды кезең-кезеңмен 2028-ші жылға дейін жүзеге асыру көзделген. Ол үшін арнайы жол картасы бекітілді. Бұл мақсатта Еуропалық қайта құру және Азия даму банктері мемлекеттік кепілдікпен 15 жылға дейінгі мерзімге қарыз беруге мүдделік танытқан. Оны тариф пен республикалық және жергілікті бюджет субсидиялары есебінен қайтару жоспарланған.   

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі?

- Кәріздік су ғимараттарын салу, реконструкциялау, жаңғырту жобаларын іріктеу әдістемесі бекітілді. Табиғи монополиялардың шығындарын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрықтың жобасы әзірленді. Ағымдағы жылдың қазан айында нормативтік-құқықтық актінің жобасын республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады. Ал, ағымдағы жылдың 9-шы желтоқсанында халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының отырысында Еуропа қайта құру және даму банкінің бес жобасын қолдау үшін техникалық шот қаражатын бөлу мақұлданды.