Глазгода жаһандық саммит өтті

Глазгода жаһандық саммит өтті

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен өндіретін қуат көлемін 5 есеге, экологиялық таза энергия өндіру көлемін 2 есеге арттырмақ. Ал көмірден өндірілетін энергия үлесін 70-тен 40% дейін төмендетпек. Бұл туралы Глазгода өткен климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық саммитте еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты. Үкімет басшысының айтуынша, алдағы төрт жылда елімізде 2 млрд түп ағаш отырғызылып, көміртекті сіңіру әлеуеті ұлғайтылады. Асқар Мамин Қазақстанның Орталық Азиядағы Аймақтық климаттық хаб болуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ шара аясында Қазақстан Орман мен жерді пайдалану декларациясына қосылды. Жиын барысында еліміздің Премьер-Министрі Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры және Ұлыбританияның сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік министрімен кездесті. Жүздесу қорытындысы бойынша климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету және осы бағыттағы стратегиялық серіктестік жөнінде бірлескен мәлімдеме жасалды.