«Күміс жас» жобасы: зейнет жасына жақындаған мамандар жұмыссыз қалмайды
Отандық жұмыс берушілерге зейнет жасына дейінгі қызметкерлердің жалақысының бір бөлігін өтеу жоспарлануда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрметті демалысқа шыққанға дейін екі-үш жыл қалған қазақстандықтарға жұмысқа орналасу өте қиын екенін анықтаған. Мәселені шешу үшін ведомство «Күміс жас» атты жаңа жобаны әзірлеуге уәде берді. Бұл мемлекетке жұмыс беруші үшін зейнетке жақындаған қызметкердің жалақысының белгілі бір мөлшерін жабуға мүмкіндік береді.
Қазақстандықтар зейнет жасына жақындаған мамандардың тәжірибесін пайдалану жұмыс берушіге де, жұмысшыға да тиімді деген ойда.
Блиц:
- Ондай мүмкіндік болса, жақсы. Жастарды «тәжірибең жоқ» деп жұмысқа алмайды, ал үлкендердің тәжірибесі пайдаға асуы мүмкін деп ойлаймын. Ондай жобаны қолдаймын.
- Қазіргі уақытта өте қиын. Оларды жұмысқа көбіне қабылдай бермейді. «Зейнет жасыңыз жақындап қалды, ал бізге тұрақты жұмыс істейтін, күш-қайраты толысқан жастар қажет» деп талап қояды. Мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе, кейбір кәсіпорындар, жұмыс орындары жасы ұлғайған азаматтардың тәжірибесін пайдаланар еді.
- Қоныс аударған жағдайда, әсіресе, үлкен кісілер жұмыс таба алмай жатады. Сол кезде кішкене қиналмай, осындай бағдарламаны пайдаланып, іске асырса деп ойлаймын.
Ведомствода қазақстандық жастар, атап айтқанда, 25 жасқа дейінгі жастар жұмыс іздеуде күрделі мәселелерге тап болатынын мойындады.
Авторы: Гүлбану Тәжібек