АЛЖИР кешенінің естелік қабырғасында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешенінің естелік қабырғасында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев және мемлекеттік комиссия мүшелері қатысты. Рәсімге жиналғандар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қырымбек Көшербаев мемлекеттік комиссияның қызметі, ең алдымен, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі үлкен тарихи миссия, оның бұрынғы және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін айтты.

Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

- Бұл мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарын, алапат қасірет ашаршылықтың құрбандарын, бәрін толық ақтап, тарихи құжаттарға көзіміз жетіп, оны елге жария етпей, өзінің жұмысын аяқтамайды. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссяның құрамында екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақтық комиссия толыққанды жұмысына кірісті. Еліміздегі маңдайалды тарихшылар мен сарапшылар бұл жұмысқа тартылды. Бұрын құпия деп, әсіресе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның архивінде сақталып жатқан, ашылмай жатқан архивтердің бәрі қазір біздің тарихшылар мен сарапшыларға ашылып, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.