Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі А. Әлназарованы қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрін қабылдады. Ақмарал Әлназарова ведомствоның жұмысы және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарлары туралы баяндады. Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта болжамды өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 75 жастан асады. Жыл басынан бері инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендеген. Вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Министр Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы да баяндады. Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті. Президент медициналық көмек көрсетудің мейлінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.

