Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді
Ақордада ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы қаралды. Бұл құжат алдағы бес жылда болуы ықтимал сын-қатерлерге төтеп берудің негізгі тәсілдерін анықтайды. Аталған Стратегия конституциялық қағидаттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етіп, еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуына жағдай жасайды. Мемлекет басшысы ұлттық мүддені қорғау міндеттерін сапалы орындаудың маңызына баса мән берді. Оның қатарына, атап айтқанда, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету; азаматтарды, қоршаған ортаны және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін арттыру; киберқауіпсіздік шараларын күшейту және әлеуметтік-экономикалық саладағы тәуекелдерді азайту мәселелері кіреді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, білім мен технология салаларында сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайтын бағдарламаны жеделдетіп әзірлеуді тапсырды.

