Өнерді цифрландыру: Қазақстанда бірегей арт-жоба іске қосылды

Елімізде отандық суретшілердің туындыларын цифрландыруға мүмкіндік беретін бірегей арт-алаң пайда болды. Бұл жоба жергілікті өнердің ерекшелігін кеңге насихаттауға жол ашады. Стартап авторы – швейцариялық бизнесмен Глеб Штрайб. Айта кетерлік жайт, бұған дейін оның  жеке кәсібі өнер әлемімен мүлдем жанаспаған еді. Қазақстандық қылқалам шеберлерінің еңбегіне тәнті болып шабыт алған шетелдік кәсіпкер осы арт жобаны жүзеге асыруға бел буған.   

Қазыналы қазақ жері өнерге бай. Елімізде ішкі-жан дүниесі мен ойын, көріп түйгенін қағаз бетіне шебер түсіре алатын суретшілер көп. Әрбірінің өзгеге ұқсамайтындай болып қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы бар. Сондықтан, Глеб еш жерде кезікпейтін туындыларды дүниеге әкеліп жүрген қазақстандық қылқалам шеберлерінің шығармашылығымен әлемді таныстыруға бел буған. Бүгінде оның арт-тұғырнамасы жүздеген жергілікті көркем өнер иелерінің мыңнан астам еңбегін біріктіреді. Қатары күн санап толығып келеді.

Глеб Штрайб, арт-жобаның авторы және негізін қалаушы:

- Менің мақсатым – Қазақстандағы өнер туындыларының бірін қалдырмай сандық жүйеге көшіру. Ол үйдегі жұмыстардан бастап нағыз хас шебер суретшілердің жұмыстарының бәрін қамтитын болады.  Өнер үшін шектеу жоқ. Бұл Қазақстанғада қатысты айтылған сөз. Маған бұл картиналарды қайдан табуға болады деген сұрақ жиі қайылады. Сәуір айынан бастап біз бұл іске белсене кірісеміз. Менің командам алыс және шақын шет елдерде жұмыс істейтін болады.

Жақында Алматыда кеңсенің ашылуымен бірге бұл жоба іске қосылды. Бір айдан соң бұл жұмыс елордада да жалғасын таппақ. Глеб, фотосуретші, айти, дизайн және маркетолог мамандардан құралған команданы жиды. Ендігі көздеген мақсат – жобаны Қазақстанда кеңейтіп, кейін әлем бойынша дамыту. Суретшілерге бар болғаны тек тіркелу қажет. Өзге шаруаны мамандар өздері тындырады. Бастысы туындыларының жер-жаһанға тарауына жол ашылады. «Ассол» лақап атымен шығармашылық ортада танымал Әсел Сабыржанқызы ынтымақтастықтың артықшылықтарын бағалап үлгергенін айтады. Көпшілік оны осынау көркем өнердіңң жілігін шағып майын ішкен майталман ретінде біледі. Қылқалам шебері қарындашпен эскиз жасаудан бастап гиперреалистік жұмыстар жасайды.  Сұраныстың бәрін-бірдей қанағаттандыруға уақыттың жетіспейтініне қынжылады. Бұл осы мәселенің шешімін тапқан бірден-бір жоба болмақ.

Әсел Сабыржанқызы, суретші:

- Біріншіден, менің барлық жұмыстарым бір жерден табылатын арнайы сайттың құрылғаны қуантты. Бұл өте ыңғайлы. Онда әр еңбектің құны көрсетіледі. Адамдар салыстырмалы түрде бәрін қарап шығып ұнаған кез келген картинаны таңдай алады. Ол үшін арнайы кездесудің қажеті жоқ. Бұл екі жақ үшін де тиімді. Алтын уақытымыз үнемделеді.  Клиент қосымша арқылы өз сұрақтарын жолдай алады. Сондай-ақ, ешқайда шықпай-ақ, жұмысымды жеткізу яғни логистика жағын да өздері жасап береді. Мен бұл кезде шығармашылқпен айналысып, жаңа жұмыстар жасай беремін. Сондықтан бұл жобаның суретшілерге берері мол.  

Қосымшаның жұмысына келсек, маркетплейсте орналастырылған картиналар жанр, тақырып, уақыт кезеңдері және авторлар бойынша жеке-жеке жіктеліп бірнеше топқа бөлінеді.  Өнертанушылар тобы ең дарынды суретшілер мен қолөнершілерді іріктеу үшін арнайы зерттеу жүргізеді. Кез-келген талғамға және қалтаға сай таңдау бар. Ұнаған туындыны сатып алу үшін тек бір ғана батырманы басу керек немесе QR-кодты қолдануға болады.