Орталық Азия халықтарының ұлттық аспаптары
Соңғы онжылдықта көптеген халық аспаптары заманауи музыкаға сән беріп қана қоймай, бұрын соңды болмаған, ауқымды жобалардың пайда болуына ықпал етуде. Бұл туралы бүгінгі бағдарламада сөз қозғалады.
Алғашқы сюжетіміз Бакуде тұратын тамаша музыкант жайында болмақ. Ол жас өнерпаз, дегенмен, оның есімі шет мемлекеттерде жақсы таныс. Әзербайжан музыканты Шахрияр Иманов – әлемді тар деп аталатын халық аспабының сиқырлы үнімен таныстыруды өзінің борышы санайды. Және ол көздеген мақсатына жете білді десек артық болмас. Өйткені оның концерттері дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылуда. Ол классикалық тардың барлық мүмкіндіктерін көрсете отырып, импровизация жасайды, сондай-ақ музыканың сан түрлі жанрларын жарасымды үйлестіре алады. Осы орайда, әзербайжанның ұлттық аспабы халықаралық музыкалық аренада кеңінен танылып, тыңдарманның ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Тар – әзербайжан халқына жақсы таныс классикалық аспап.
Қазақтың домбырасы – ешбір жанды бей-жәй қалдырмайтын ерекше аспап. Басқа елдің азаматтары: «екі ішекті қарапайым ағаштан осыншама керемет музыканың шығуы мүмкін бе?» деп таңырқап, таңдай қағатыны рас.
Ал біздің келесі кейіпкеріміз, нақтырақ айтсақ, кейіпкерлеріміз домбыраның үніне заманауи сарын қосып, халыққа ұсына білді. Осы арқылы бұл аспап - рок пен рок-н-роллды ұнататын жандар арасында да кеңінен танылды. Ол – продюсер Нұржан Тойшы. Ол 2011 жылы «Алдаспан» атты алғашқы музыкалық жобасын жұртшылық назарына ұсынған болатын. Айтулы рок –квартетін халық бірегей жоба ретінде қабылдады. Өйткені, топ мүшелері бас гитараның дәстүрлі соло, ырғағымен қатар, қазақтың қара домбырасының солосы мен ырғағын үндестіре білді. Ия, бұл кез келгенді таңғалдырады. Қазақтың әйгілі домбырасына электр магниті бар дыбыс түсіргіштер орнатылған. 2011 –ші жылға дейін әлемнің ешбір елінде мұндай дүние болмағанын айта кеткен жөн.
Бүгінгі таңда «Алдаспан» тобының музыкасы тек Қазақстанда емес, сондай-ақ,шет мемлекеттерде де жақсы таныс. Кәсіби сахнада 10 жылға жуық уақыт жүрген музыканттар 7 альбом шығарып үлгерген.
«Шамс» - Тәжікстанның заманауи мәдениетін дүниежүзінің түкпір-түкпіріне танытып жүрген бірегей топтапдың бірі. Ұжымның орындауындағы композициялардың барлығынан дерлік дәстүрлі әуендерді кездестіруге болады. Тәжік классиктерінің өлеңдері мен классикалық әуезді әндер хитке айналып, кеңінен таралуда. Бұл еш уақытта сәннен шықпайтын және халықтың жүрек қылын қозғайтын мәңгілік құндылыққа айналған туындылар.
«Шамс» тобының мүшелері таулы Тәжікстанның көне музыкалық аспаптарын насихаттауды басты мұраты санайды. Сонымен қатар олар әлемдік музыка мәдениетін зерттеумен айналысады, сан түрлі жанрларды үйлестіріп, тәжірбие жасауға ұмтылады. Осы орайда, «Шамс» тобының композицияларынан памир рубабы мен сеторы, үнді табласы, тәжік тявлягы мен дойрасының заманауи электрогитара, дағыра және саксофонның дыбысымен үндестігін байқауға болады.