Қосшыда 7 инвестжоба жүзеге асып жатыр
Қосшыға 5 жыл ішінде 200 млрд теңге инвестиция тартылған. Осыдан бес жыл бұрын елді мекенге облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілген еді. Осы кезеңде Қосшы ауқымды өзгерістерді бастан өткеріп, қарқынды құрылыс, өндіріс пен инвестиция тоғысқан шаһарға айналды.
Кезінде шағын ғана ауыл болған Қосшының келбеті бүгінде мүлде басқа. Қазір 100 мыңнан астам тұрғын бар. Қаладағы оң өзгерістерді жергілікті халық анық сезінеді.
Рәзия Мурабаева, қала тұрғыны:
- Қосшы қаласы болғалы мына мәдениет үйі салынып, балаларға, кәрі пенсионерлерге, нашар отбасыларға үлкен көмек жәрдем көрсетіліп жатыр. Осы 4-5 жылдың аралығында барлығын үй-жаймен қамтамасыз етіп жатыр.
Соңғы 5 жылда қалаға
200 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі әлеуметтік және
инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Тәулігіне 1 мың адамды
қабылдайтын жаңа емхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ қазір 350 орындық
көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Ал мерейтой аясында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының екінші
және үшінші кезеңі пайдалануға берілді. Осылайша қала халқы көгілдір отынға қол
жеткізді.

