Астанада АЭС құрылысы және оның бизнеске әсері талқыланды

Астанада АЭС құрылысы және оның бизнеске әсері талқыланды

Атом энергетикасының болашағы мен әлеуеті зор. Бұл туралы бүгін Астанада арнайы форум барысында сарапшылар айтты. Жаңа және экологиялық таза қуаттар жоғары технологиялық өндіріс ошақтарының құрылуына тың серпін береді. Сала мамандарының пікірінше, бұл ең алдымен Қазақстанда отандық машина жасау және IT-индустрияны жедел дамытуға үлес қосады. Яғни, ел экономикасын жетілдіретін жаңа мүмкіндіктер ашады. «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, елімізде атом электр станцияларының құрылысы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұндай станциялар кемінде 60 жыл қызмет етуге қауқарлы. Яғни, заманауи жоба жүзеге асқан жағдайда еліміз ұзақ жылдар бойы үздіксіз қуат көзімен қамтылмақ. Атом электр станциясын салуға қатысты мамандар оның қауіпсіздігі мәселесінде көтерді. Олардың сөзінше, жаңа реакторлардың соңғы буыны ең жоғары стандарттарға сай. Алайда, елімізде мұндай станция салынады ма, әлде жоқ па? Ол әзірше белгісіз. Соңғы нүктені қою қоғам еншісінде. Шешім Жалпыхалықтық референдумда азаматтардың дауыс беру нәтижесіне тікелей қатысты болмақ.

Тимур Жантикин, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры:
-
Сенімді энергиямен жабдықтау болған жағдайда, мықты өнеркәсіптік жобалар іске асырыла бастайды. Мұндай жобалар бізге маңызды болып келеді. Себебі, ол біздің экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтады.  Бұл станция буынды реакторларына негізделеді. Өз кезегінде ол жоғары қауіпсіздік қаптамасыз етеді.  Қазір біз су реакторларын маңызды бағыт ретінда қарап отырмыз. Олар жоғары сенімділік көрсеткен. Яғни мұндай реакторларда авариялар болған жоқ.