Қазақстанда халықаралық инвесторлар апталығы басталды

Қазақстанда халықаралық инвесторлар апталығы басталды

Тиімді дивидендтер алу үшін жинақтарды қалай және қайда салу керек? Бұл мәселенің анық-қанығын ұғынуға жетекші әлемдік және отандық сарапшылар көмектеседі. Елордада халықаралық инвесторлар апталығы басталды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының онлайн алаңында жаһандық деңгейде танылған 20-дан астам маман өздерінің тәжірибелерімен бөлісетін болады. Олар қаржы құюдың мүмкіндіктері, құралдары мен тәуекелдері, сондай-ақ осы саладағы инновациялар туралы әңгімелейді. Бұл жөнінде көбірек білгісі келетін кез келген адам халықаралық орталықтың ресми сайтында тіркеліп қосыла алады. Өткен жылы сала мамандарының дәрістерін 3 мыңнан астам адам тыңдады. Бұл жолы 17 іс-шара жоспарланған. Оның ішінде вебинарлар, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер және панельдік сессиялар бар.

Мұхтар Бөбеев, «Астана» халықаралық қаржы орталығы комитетінің бас директоры:

- Біз бұл іс-шараны осымен 4 жыл бойы бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық ұйымның қолдауымен өткізіп келеміз. Бұл қор – нарықтарының барлық реттеушісін біріктіретін жаһандық ұйым. Осы аптада өткен жылдағы тың үрдістер мен іс-шараларды қайта саралайтын боламыз. Біріншісі қаржылық сауаттылық, жаһандық деңгейде ол әлі де төмен қалып отыр. Халықаралық ұйымдар ересек халықтың жартысы өздерінің қаржылық сауаттылығын әлі де арттыру керек деп санайды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов