«Отбасы банкі» зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдайтын сайтты жариялады
Қазақстандықтар ертеңнен бастап өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін шешіп алуға өтініштерін «Отбасы банкінің» арнайы іске қосатын онлайн-платформасында қалдыра алады. Сайт enpf-otbasy.kz деп аталды. Бұл туралы ОҚК қызметінде өткен брифинг барысында «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Төраға сервис жұмыс істеуге толық дайын екенін, күні кеше редакциялық өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
ЛЯЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
- Ол - enpf-otbasy.kz. Бұл Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен біздің бірлесе атқарған аса ауқымды жұмысымыз. 2020 жылдан бері осы ауқымды жұмысты бірлесе атқарып келеміз. Сол себепті сайттың атауында екі органның да атын енгізуді жөн деп шештік. Қазір оған кірсеңіз, сервистің 23 қаңтардан сағат 09.00-де жұмысты бастайтыны жазылып тұр.
Зейнетақының бір бөлігін алу тәртібіне тоқталған төраға, тағы бір маңызды ереже – туыс адамдар бір-бірінен үй сатып ала алмайтын мәлім етті.
ЛЯЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
- Ең бастысы, операцияның бәрі қолма-қол ақшасыз жүргізілетінін атап өту керек. Алдамшы келісімшарттардың алдын алып, ақшаны амалдап алып шығу жағдайына жол бермес үшін туысқан адамдар арасындағы келісімшарттарға тыйым салынады. Яғни, мен өзімнің бауырларымнан, сіңлілерімнен, атамнан немесе әжемнен үй немесе пәтер сатып ала алмаймын. Осылайша, ережелерде бүкіл механизм жазылған.
Ал зейнетақының бір бөлігін емделуге жұмсау талаптары қаңтар айының соңында жарияланады деп жоспарлануда. Қазір бұл мәселе мемлекеттік мекемелер тарапынан талқыланып жатыр.