Президент БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Президент журналистердің қоғамдық пікір қалыптастырудағы, ұлт мүддесін қорғаудағы және мемлекетшілдік құндылықты дәріптеудегі рөлін атап өтті. Ол өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетілетінін, БАҚ саласындағы дәстүрлі Президент сыйлығы соның бір көрінісі екенін атап өтті. «Сыйлық иегері атанған азаматтардың есімі қазақ журналистикасының жылнамасына жазылатыны сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы өз құттықтауында. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекітті.