Президент мақаласы жарық көрді
Бүгінгі таңда Орталық Азия мемлекеттері арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар нақты мазмұнға ие болып, терең стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейге көтерілді. Бестік сыртқы саяси қарым-қатынаста өзінің салиқалы стратегиясын жасай алды. Бұл қадам еларалық және өңіраралық мүдделер тепе-теңдігін сақтап, елдеріміздің жаһандық үдерістерге толыққанды қатысуына жол ашты. Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың рөлі мен, ортақ мақсаттары, ықпалдастығы туралы жазған.
Орталық Азия елдерінің келешегіне күмәнмен қарағандар болды. Бірақ ондай пессимистік болжамдар расталмады. Аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеді. Халықаралық аренада лайықты орнын алды. Бүгінде ұлттық экономикалары дамып, мемлекетаралық қатынастар да түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында аймақтағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға кедергі келтіріп, қайшылық туғызған мәселелерді шешу жолындағы табыстарға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Су-энергетика саласында өзара тиімді шешім табуға қатысты табыстарымызды жоғары бағалауға болады. Мемлекеттік шекараларды делимитациялауға, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіруге, көлік қатынасын кеңейтуге, жаңа бағыттарды іске қосуға және азаматтардың барыс-келісін жеңілдетуге қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Өңірдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету үшін күш біріктіру жолындағы іс-қимылдар да тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттан айнымасымыз анық.
Қазір «ОА плюс» форматындағы диалог орындары көбейіп келеді. Енді оның қатарына «ОА – Жапония» алаңы қосылмақ. Астанада алғаш рет саммиті өтеді. Мемлекет басшысы мақалада сыртқы әріптестермен бірлесіп жүргізетін өңірлік жобалар аясындағы ортақ ұстанымдарды диалог алаңдарында жан-жақты ілгерілету үшін күш біріктіруге шақырды.