Сала үздіктеріне сый-құрмет көрсетілді

Сала үздіктеріне сый-құрмет көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 19 мыңнан астам аулада, 2 мыңдай көпқабатты және 41 мыңға жуық жеке тұрғын үй айналасында тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 235 саябақ пен тынымбақта тал-теректер отырғызылып, жаңа кейіпке енді. Бұл туралы экологтар күніне арналған мерекелік жиында айтылды. Салтанатты іс шарада қоршаған ортаны қорғау жолында еселі еңбек етіп жүрген сала үздіктеріне сый-құрмет көрсетілді. 

Ашық аспан астындағы іс-шара өнертапқыш өрендердің көрмесімен басталды. Қолөнер бұйымдары мен ғылыми жобалардың негізгі идеясы – табиғат ананы аялауға шақыру. Мәселен, Нұртілектің жұмысы ұлттық нақышта безендірілген. Гүлзарлар ою-өрнек пішінінде болса, мектеп киіз үй үлгісінде жасалған. Жас өреннің еңбегі баламалы энергия көздерін тиімді пайдалануды көздейді. 

Нұртілек Шаймардан, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушысы: 

- Бұл жобаның тақырыбы – гринлэнд экологиялық мектебі, тұрақты болашаққа бағытталған білім беру моделі. Жоба мақсаты – мектеп аумағында табиғи экожүйеге ұқсас жасыл аймақ құру арқылы оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыру, ауаның сапасын жақсарту, экологиялық эәне эстетикалық  тұрғыдан тартымды ету. 

Биыл өңірде экология саласында маңызды жобалар іске қосылды. Мәселен, Орал қаласында тозығы жеткен №2 кәріз-сорғы станциясы жаңғыртудан өтті. Табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында Ақжайық өңірі – экологиясы қолайлы жасыл аймақтардың қатарында. 

Мұрат Ермекқалиев, БҚО Экология департаментінің басшысы: 

- 2024 жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаға ластаушы заттардың шығарындылары 40 мың тоннадай болды. Ол ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып табылады біздің республикада, 2 пайыздан төмен. 

Бұл күні сала қызметкерлері мен ардагерлерге ведомстволық наградалар, алғыс хаттар табыс етілді. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.