Салық кодексінің жаңа жобасы қаралды
Қосылған құн салығының төменгі шегі 40 миллион теңге болмақ. Ал,
мөлшерлемесі - 16 пайыз деп тұр. Бүгін мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын
бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты 4 сағат бойы талқылаған депуттардың басым
көпшілігі жаңа редакцияны қолдап дауыс берді. Қалыс қалғандар саны тоғыз, жеті
депутат қарсы болды ал, бір депутат дауыс бермей қалды.
Сондай-ақ «Ақ жол», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясымен Қазақстан халық партиясының фракция төрағалары кодекс жобасы өздері қоспақ болған ұсыныстарды енгізген жағдайда ғана қабылдану керек деген ұстанымдарын айтты. Парламент қабырғасында біраздан бері мұндай белсенділік болмаған еді. Депутаттарды дүрліктірген заң туралы әріптесім Алтынбек Әмит айтып береді.
Талай талқыдан өтіп, жұлым-жұлымы шыққан заң ақыры депутаттардың алдына
келді. Жұлымы шықты дейтін себеп көп. Өйткені, алғашқы ұсыныстың біраз бөлігі
өзгерген. Әуелі қосылған құн салығы салынбайтын салаларға тоқталсақ. Өзгерістің
әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен археология, кітап басып шығару
ісіне қатысы жоқ. Денсаулық сақтау саласында салықтан босатылған дәрілік
заттардың тізбесі жасалады. Тек ақылы медициналық қызметтер табысының 10
пайызын қазынаға құйып отыруы керек.
Серік Жұманғарин – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика
министрі:
- Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейтін болады. Осылайша, «үй жанындағы» дүкендер,
шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес
келеді және қосылған құн салығын төлеуші болмайды. Оларға қорқудың қажеті жоқ.
Әлеуметтік саладағы корпоративті табыс салығы да кезең-кезеңімен өседі.
Келері жылы 5 пайыз, кейін 10 пайызға жетуі мүмкін. Ал, арнаулы салық режимінде
рұқсат етуші емес, тыйым салынатын тізім енгізіледі. Сәйкесінше, тыйым
салынбағанның барлығына рұқсат беріледі. Айтпақшы, шаруалар да қосылған құн
салығын төлеуге міндеттеледі. Бірақ, «Минус 70 пайыз» жеңілдік ставкасы күшінде
қалады.
Серік Жұманғарин
– ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Енді орта және
шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимі туралы. Ол оңайлатылған декларация
негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың
айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеулер
алынып тасталады. Мөлшерлеме - 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі
мүмкін.
Енді, бұл өзгерістің салдарына көз салсақ. Әуелі жылдық салық түсімі 4-5
триллион теңгеге өседі. Өйткені, елімізде табысы 40 миллионнан асатын 144 мың
салық төлеуші бар. Сондай-ақ қолданыстағы 453 жеңілдіктің 128-і алынып
тасталмақ. Яғни, 1,3 триллион теңге тағы да үнемделеді деген сөз. Бірақ, бұл
бюджет тесігін бітей алмайды. Әлі де ұлттық қордан ақша ала тұрамыз.
Ермұрат Бапи, ҚР
Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Ірі акционерлер 100 млн теңгенің үстінде дивиденд алады. Бірақ бұлар салық
режимінен босатылған. Бәлкім, сіздер екі рет салық салынбайды дейтін
шығарсыздар. Бірақ біздің елдің бюджеті әлеуметтік мақсатты көздейді. Біздің
бюджеттің 53 пайызы әлеуметтік салаға кетсе, дамуға жұмсалатыны 20 пайыздан
аспайды. Ендеше, банктердің қоғам алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін
дивиденттерге салық салу мәселесін қарастыру керек деп ойлаймын.
Жоғарыда айтқан жеңілдіктен қағылатындар тізімінде құрылыс компаниялары да
бар. Ақпан айында өткен үкімет отырсында Олжас Бектенов бұл мәселе бойынша ірі
компанияларға үндеу жолдаған еді. Рас, мемлекет ондаған жыл бойы құрылысшыларға
көмек көрсетіп келеді. Басты мақсат баспана бағасын қымбаттатпау. Бірақ, үміт
ақталмады. Депутаттар осы тұрғыдан да жүйелі жұмыс істеу керек дейді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Осы жеңілдіктің арқасында көптеген құрылыс компанияларының иелері «Форбс» тізіміне
кірді. Кейбірі капиталын шетелге жылыстатса, кейбіріне тіпті ҚҚС-тан босатудың
өзі жеткіліксіз болды. Сөйтіп үлескерлерді сазға отырғыза бастады. Салық
кодексінің жаңа редакциясында құрылыс компанияларына ҚҚС тағайындау ұсынылған.
Қомақты қаржы айналымындағы салық талаптары белгілі. Ал, қарапайым халыққа
келіп-кетері қандай? Бұл мәселе де мәжіліс залында сөз болды. Жұманғариннің
жауабына қарасақ жеке тұлғалар үшін реформаның тиімділігі бар. Мәселен,
жалақыдан ұсталатын корпоративтік табыс салығын азайту көзделген. Бірақ,
ажырасу қымбаттамақ. Себебі некені бұзу бойынша баж салығын 20 айлық есептік
көрсеткішке дейін арттыру ұсынылды. Еске салайын, үкімет әуелі қосылған құн
салығын 20 пайызға көтеруді ұсынған. Ал, шекті меже 15 миллионнан басталу керек
деген еді. Дегенмен, депутаттар мен кәсіпкерлердің талқылауынан кейін
көрсеткіштер деңгейі азайды. Аталған заң әзірге бірінші оқылымда мақұлданып
тұр. Алдағы уақытта тағы да дауысқа салынып, өзгертулер енгізілуі мүмкін.

