Салықтық түсімдер азайған
Тоғыз айдағы бюджет толық емес. Мемлекетке түсетін кіріс көлемі 15 трлн теңгеге жуықтап, жоспар 93%-ға орындалған. Ал республикалық бюджет одан 10%-ға аз. Тек 9 трлн-нан аса теңге жиналған. Қазына салықпен толады. Бірақ, салықтан қарық болмай тұр. Тіпті 80%-ға дейін кеміп кеткен. Бұл былтырғы көрсеткішпен шамалас. Жағдайдың оңалмауына жаһандағы жайсыз жайттардың кері әсері күшті. Әлемдік экономика әлсіреп, геосаяси ахуал сыртқы саудаға салқынын тигізіп тұр. Елдегі ірі компаниялардың тасымал тізбегін үзді. Мұнай өндіру көлемі де 5 млн тоннаға қысқарған. Экспорттық металлдарға да баға төмендеп, өңдеу өнеркәсібінің өрлеуін тежеді. Дегенмен бұған дейін бекітілген бюджет кодексі бар. Сондықтан сала министрлері сылтау іздеп сытылып кете алмайды. Ебін тауып, қайтсе де ептеу керек.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
– Соған қарамастан, атқарылмаған салық түсімдері, салықтық емес төлемдердің өсуімен өтелді. Мәселен, аталған төлемдер бойынша есепті кезеңде 148 млрд теңге жоспарланса, іс жүзінде 921 млрд теңгені құрады. Жоспардың асыра орындалуы, 684 млрд теңге сомасына республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер түсу есебінен қамтамасыз етілді.

