Самал Еслямова: «Мен актриса емес, журналист болуды армандадым...»
Самалдың өміріндегі алғашқы кездейсоқ оқиға Петропавловск қаласында болады. Бала кезінен журналист болуды армандағанмен, Өнер колледжіне емтихан тапсырып, түсіп кетеді. 4-ші курсты оқып жүргенде, өзі оқып жүрген колледжде кастинг болып жатқанын көреді. Бағын сынамақ болып, кастингке барады. Онда қандай рөлдерде ойнағыңыз келеді деген сұраққа, «тек басты рөлдерде» деп жауап қайтарады екен. Міне осылайшы, 3 айдан кейін Самалға қоңырау шалынып, Алматыға шақырады. Қалтасында билет алуға ақшасы болмаса да, ертесіне оңтүстік елордаға жолға шығу үшін барын жасайды. Осы сәттен бастап ол Қазақстанда туған Ресей елінің режиссері Сергей Дворцевоймен танысып, оның алғашқы «Қызғалдақ» фильміне түседі. Бұл фильм бірнеше халықаралық кино байқауының жүлделерін, соның ішінде 2008 жылғы Канн кинофестивалінің "Ерекше көзқарас" байқауы сыйлығын иеленген.
Петропавлда туып-өскен Самал Еслямова кейін Ресей астанасындағы театр өнері академиясының (ГИТИС) режиссерлік факультетін тәмамдайды.
«Айка» – Мәскеуде босанған баласын перзентханаға тастап кеткен қырғызстандық мигрант қыз туралы драма. Мәскеуде заңсыз жұмыс істеп жүрген қыздың аяғы ауыр болып қалады, ол дүниеге әкелген сәбиін перзентханада қалдыруды ұйғарады. Бірақ кейін аналық сезімі жеңген Айка тастап кеткен ұлын іздей бастайды. Міне, осындай психологиялық дарамада басты рөлді сомдаған Самал 71-ші Канн кинофестивалінің үздік актрисасы атанады. Самал Еслямованың өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ берген сұхбатынан ести аласыздар.