Сарапшылар коронавирус індетінің жаңа штамы көбеюі мүмкін екенін болжауда

Коронавирус індетінің жаңа штамдары көбеюі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисті Динагүл Баешева мәлім етті. Оның айтуынша, мутациялардың барлығы микроорганизмдердің өмір сүру ерекшелігімен түсіндіріледі. Мысалы, тұмаудың да таралуы осылай жүзеге асырылады. Дәрігер өз тарапынан денсаулығы жарайтын барлық азаматтарды вакцина салдыруға шақырады. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар халық санатына маңызды дейді маман. Қазіргі таңда қазақстандықтарға QazVac, Sinopharm және Pfizer вакциналары қолжетімді. Айта кетейік, республикада ауыр індеттің «Омикрон» штамының субварианты ВА5 өте жылдам таралуда. Негізі ауру жеңіл өтеді, алайда тамақ қышу, жүрек айну, әлсіздік және қызудың көтерілуі секілді симптомдармен суық тигенге ұқсайды.

Динагүл Баешева, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисті:

– Қазір коронавирустың жаңа штамдары көз алдымызда көбейіп келеді. Мысалы, «стелс-омикрон», кіші түрлері BA4 және BA5, AB1 және AB2, «кентавр». Яғни, мұның түрлері өте көп. Ал болашақта одан да арта түседі. Егер қазір вакцина алсам да, ауырып қалуым мүмкін бе десеңіз, жауабым – иә. Ауырып қалуыңыз мүмкін. Себебі, сіз алған вакцина дәл сол штаммға қарсы болмауы мүмкін. Дегенмен, ештеңеге қарамастан денеңізде антиденелер сақталады.  Ол жалпы коронавирустың өзімен күресуге күші жетеді.