Шығыс ғалымдары «Қасиетті» деп атап кеткен Бұхара қаласы
«Игілікті» және «Қасиетті» – Шығыстың ұлы ақындары Рудаки, Фирдоуси, Дакики мен Омар Хаям Бұхара шаһарына осындай теңеулер қолданатын. 2,5 мың жылдық тарихы бар бұл орда – Орта Азияның ең ежелгі қалаларының бірі.
Бұхараның атауына да, пайда болуына да қатысты тарихшылар арасында пікірталас көп. Олардың кейбірі қаланың тарихы согдилік дәуірден бастау алатынын айтып, ал аты «Құдайдың кереметі» деген мағынаны береді деп топшылайды. Ал кей ғалымдар шаһар атауы санскриттік Вихара сөзінен шыққан деп есептейді. Ол «буддалық ғибадатхана» дегенді білдіреді.
Мамандар Бұқараның пайда болуын, Арк бекінісінің негізі қаланған кезеңмен байланыстырады. Ең алғаш бекініс салынған. Кейін маңына аңшылар, балықшылар мен егіншілер келіп, қоныстана бастаған. Қала кейін пайда болған деседі.