Шығыс Памир. Тәжікстанға саяхат!
Outdoor World бағдарламасының бүгінгі шығарылымында Памирге барған сапарымыз туралы әңгіме қозғамақшымыз. Памир тас жолымен жүреміз, сіздерді табиғатты қорғау ісінің кәсіби мамандарымен таныстырамыз. Көне бекіністерді, иір мүйізді ешкілер мен Марко Поло арқарларын көреміз.
Біз қазір Хатлон облысының шығысында жатқан Шамсиддин Шохин ауданындамыз. Дарваза жотасы мен оның сілемдерінің оңтүстік баурайы – иір мүйізді ешкі –мархурлардың көбірек жүретін жері. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бұқар мархурының жағдайы өте мүшкіл еді. Небәрі 150 бастан аспайтын ешкі қалды. Табиғатты қорғау органдарының алыста жатқан таулы аймақтардағы, адам аяғы жете бермейтін жерлерді бақылауда ұстайтын мүмкіндігі болмады. 1992-93 жылдары Тәжікстанда азамат соғысы жүріп жатты, мархурдан басқа да проблема көп еді. Жекелеген қақтығыстар 1997 жылға дейін жалғасты. Табиғатты қорғау құрылымдары өз жұмысын бейбітшілік, заң мен тәртіп қалпына келтірілгеннен кейін ғана қайта жандандырды. Қазіргі кезде табиғатты қорғау заңдарына тәжікстандық қоғамның басым бөлігі құрметпен қарайды. Ал табиғатты сақтау ісіне заңнан, жазаланудан қорқып емес, өз жүрегінің қалауымен, саналы түрде ат салысу – өте маңызды нәрсе.