Silk Road Visа: Орталық Азия шенгенімен алғашқы туристер саяхатқа аттанбақ

Бұл туралы Қазақстанның мәдениет және спорт министрі түркітілдес елдердің туризм министрлері отырысында мәлім етті. Өзбекстанда өткен шара барысында сөз сөйлеген Ақтоты Райымқұлова көршілермен бірлесіп құрып жатқан туристік бағдарлама келер жылы іске қосылатынын жеткізді. Алматыдан Хиуаға дейін баратын «Ұлы Жібек жолы» туристік маршрутына Түркі кеңесіне мүше өзге елдерді де қосу жоспарда бар.

Отырыста министрлер келешекке түркітілдес елдердің туристік іс-шаралардың ортақ күнтізбесін құру мүмкіндігін қарастырды. Жиын қорытындысы бойынша Өзбекстанның Қоқан қаласы түркітілдес елдердің алғашқы туристік астанасы болып жарияланды.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Біздің түркітілдес халықтар үшін және Ұлы Жібек жолындағы елдер үшін «Silk Road Visа» өте маңызды. Сонымен қатар әртүрлі мемлекеттерді қамтитын виза болғандықтан, әрбір мемлекеттің ұсыныстары мен қолдаулары қажет болып тұр. Қазіргі таңда өте көп жұмыс істелді. Әрбір мемлекетте, соның ішінде Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінде біздің ұсыныстарымыз жатыр. Осы екі мемлекет болып және басқа да мемлекеттердің арасында қазір пікірталастар болып жатыр.