Студенттерге оқу ақысын төлеуге 2-3% жеңілдетілген несие беру жоспарлануда

Қазақстанда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қолжетімділік кеңейтіледі. Енді студенттерге оқу ақысын төлеуге – жылдық 2-3%-пен ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі және отандық құрылыс компанияларын тарту арқылы студенттердің баспана мәселесін де шешу жоспарда бар. Бұл туралы Үкіметте Ғылым және жоғары білім министрі мәлімдеді. Отырыста білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы таныстырылды. Онда бірқатар мәселелердің шешімін табу қарастырылған. Атап айтқанда, бұл профессорлық-оқытушылар құрамын даярлау сапасының артуы, сонымен қатар жоғары оқу орындарының смарт университеттер үлгісіне көшу мәселесі. Сонымен қатар Қазақстанда бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашумен қатар Орталық Азияның бірыңғай жоғары білім кеңістігін құру бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда, деп қосты ведомство басшысы.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Әріптестермен бірлесіп Қазақстан платформасында Орталық Азия елдерінің өзара іс-қимылын үйлестіретін Бюро құру мәселесі пысықталуда.  Жоғары білім беруді интернационалдандырудағы барлық бастамалар Қазақстанның «Жібек жолы» халықаралық жобасы аясында  жалғасын табады.